Тоқаев Бішкекте Жапаров пен Ташиевті мемлекеттік ордендермен марапаттады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров. 22 тамыз 2025 жыл.

22 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекке ресми сапары барысында Қырғызстан басшысы Садыр Жапаров пен Қырғызстанның өзге де жоғары лауазымды тұлғалары мен қоғам қайраткерлерін марапаттады.

Жұма күні Тоқаев пен Жапаров Қазақстан және Қырғызстан жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысына қатысты. Тараптар келіссөз өткізді. Ақорданың жазуынша, оның нәтижесінде екі мемлекет басшылары ортақ мәлімдеме қабылдады.

Ресми делегация өкілдері "2030 жылға дейін екі ел арасындағы тауар айналымын 3 млрд долларға жеткізу бойынша жол картасына" қол қойды.

Тараптар сонымен бірге көлік, энергетика мен цифрлық жобаларды дамытуға келісті. Ресми ақпаратқа қарағанда, келіссөздер кезінде қазақ-қырғыз шекарасындағы ахуал да талқыланған. Келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында салынып жатқан индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылатыны айтылды. Алматы облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау үшін көтерме сауда-тарату орталығын ашу, «Алматы – Ыстықкөл» автокөлік жолын салу секілді бірлескен жобалар талқыланды. Ресми ақпарат бойынша, су-энергетика саласындағы қарым-қатынасты үйлестіру, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылған.

Бұған дейін, Тоқаевтың Қырғызстанға сапары қарсаңында Ош қаласында Қазақстанның бас консулдығы ашылып, қаладағы көшелердің біріне Абай Құнанбаев аты берілгені белгілі болған.

Ресми ақпаратқа қарағанда, Тоқаев "бүкіл қырғыз халқына деген ерекше құрмет пен шынайы алғыстың риясыз белгісі" ретінде Қырғызстан басшысы Садыр Жапаровты "Алтын қыран" жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттады.

Тоқаев салтанатты рәсім кезінде Жапаровты "қырғыз халқын алға жетелеп келе жатқан нағыз көшбасшы және білікті саясаткер" деп атады.

"Қасиетті Алатаудың қос қыраны сияқты қазақ пен қырғыз – ежелден еншісі бір, тағдыры ортақ ағайынды халықтар. Қиын сәтте бір-біріне демеу, қуанышты күнде тілеулес бола білген елдер" деді Тоқаев.

Өз кезегінде Жапаров "Біз қазақ халқына ерекше құрметпен қараймыз. Біздің басты күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі" деді.

Тоқаев сонымен бірге Қырғызстанның ұлттық қауіпсіздігі жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Қамшыбек Ташиевті "Достық" бірінші дәрежелі орденімен марапаттаған. Оған Қазақстан мен Қырғызстан арасында "достық әрі одақтастық қатынасты дамытуға" қосқан үлесі үшін берілген. Бұдан бөлек, өзге де қырғыз шенеуніктері марапатталды.

Тоқаев пен Жапаров Бішкек қаласындағы Қазақстан мен Қырғызстан достығы аллеясында орналасқан «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне де қатысқан. Екі басшы Бішкекте Қазақстан президентінің әкесі Кемел Тоқаев атындағы мектепке де барған.

Қазақстан Бішкектің сауда-экономикалық серіктестері арасында Қытай мен Ресейден кейін үшінші орында тұр. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 1,6 млрд доллар болған. Екі ел арасындағы сауда қатынасының негізін азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары, жанар-жағармай, тыңайтқыштар, металл бұйымдары мен асыл кендер құрайды.

Екі ел ТМД, Еуразия экономика одағы (ЕАЭО), Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) сияқты ұйымдарға мүше.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев сапары және қырғыз-қазақ қатынасындағы түйткілді мәселелер

Сарапшылар Қырғызстан мен Қазақстан арасында бұрыннан келе жатқан және барған сайын маңызды болып бара жатқан мәселелердің бірі қырғыз-қазақ шекарасы екенін айтады. Қырғыз-қазақ шекарасында шақырымға созылған жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегі жиі кездеседі. 2017 жылы Қырғызстан шекарадағы кедергілерге байланысты Қазақстан үкіметін Еуразия экономикалық одағы сотына берген. Сот бұл істі қабылдамаған соң Дүниежүзілік сауда ұйымына шағым түсірген. Келтірілген шығын көлемі 75 миллион долларға бағаланды. Сот процесі екі жылға созылды. Алайда екі ел президенттері кездесіп, сөйлескеннен кейін қырғыз тарапы белгісіз себептермен соттан бас тартты.