Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "байланыс нарығындағы кедергілерді" анықтағанын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, "көпқабатты тұрғын үйлерде үйдегі интернет қызметтерін көрсету кезінде өзге байланыс операторларының кіруін қиындататын кедергі" анықталған.
Атап айтқанда, "қолданыстағы заңнамалық шектеулер кей жағдайда тұрғын үйлерге өзге операторлардың қызмет көрсетуіне мүмкіндік бермейді".
Бұған қоса, "операторлардың кабельді желілерге қосылуға техникалық шарттар туралы ақпарат алуын қиындататын кедергі де анықталған. Сонымен бірге агенттік интернет қызметінің құнының динамикасын да зерттеген.
"Талдау аясында байланыс операторларының сымды интернет қызметтеріне баға динамикасы да зерттелді. «Қазақтелеком» АҚ әрекеттерінде қызмет құнына монополиялық жоғары баға қою белгілері байқалды. Мәселен, 2024 жылы оператордың интернетке қол жеткізу тарифтерінде жылдамдығы 100 Мбит/сек., 200 Мбит/сек. және 500 Мбит/сек. бағаның өсу қарқыны 20%-ға дейін жетті" деп жазылған агенттік хабарламасында.
Одан бөлек, мобильді байланыс құнына да қатысты күмән туындаған.
"Қазақтелекомның" өзі ақпаратқа түсініктеме бермеді.
Қазақстанда кейінгі жылдары қолданушылар төмен интернет жылдамдығы мен интернетке қосылу қиындығы және белгілі бір интернет-ресурстардың бұғатталуына жиі шағымданып жатыр. Ал құқық қорғаушылар интернет-ресурстарды сот шешімінсіз бұғаттау Қазақстанда жиі кездесетін практика екенін, вебсайттарды бұғаттау мен контенттерді жою процедурасы ашық емес екенін айтып отыр. Ашық дереккөздерге сүйенсек, елде бұғаттауды айналып өтуге мүмкіндік беретін анонимайзер де бұғатталады. Freedom House үкіметтік емес ұйымы Қазақстанды интернеті еркін емес елдер қатарына қосқан.
2024 жылы маусымда "Қазақтелеком" басқармасының бастығы болып бұрынғы цифрлық даму және аэроғарыш министрі Бағдат Мусин болып тағайындалған. Оның "Астанада интернет жылдамдығы Токионыкынан асып кетті" деген сөзі елде қызу талқыланған. Бұған дейін "Қазақтелеком" акцияларына экс-президенттің немере інісі Қайрат Сатыбалды иеленген. 2022 жылы қыркүйекте ол "Қазақтелеком" мен "Көлік қызметі орталығының" ірі көлемде қаражатты жымқырды деген айыппен 6 жылға еркіндігінен айырылған, бірақ екі жылға жетпей мерзімінен бұрын босап шықты.