"Дымы жоқ кедей болып шығады". Биліктің шенеуніктер табысын жариялау жайлы уәдесі әлеуметтік желіде күлкіге қалды

Қазақстанда жалпыға бірдей салық декларациясы бағдарламасы заңсыз табыстар мен заңсыз алынған активтермен күресу үшін енгізілгені ресми түрде айтылды.

Қазақстан үкіметі мемлекеттік қызметкерлердің табысы жайлы ақпаратты жариялауға уәде берді. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметшілер жыл сайын салық декларациясын тапсырады, бірақ ол мәліметтер қоғамға ашық емес. Әйткенмен билік сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында жыл аяғына дейін шенеуніктердің табыс деректерін жария қылуға ниетті.

Шенеуніктің табысы мен мүлкі жайлы дерек

"Мемлекеттік қызметтегі табысыңыз қанша, иелігіңізде қандай мүлік бар?" – қазақстандық шенеуніктерге осы сұрақты журналистер үнемі қойып жатады. Бірақ оған жауап беруге келісетіндер көп емес, ал жауап айта қалған күннің өзінде оның растығын тексеру қиын: мемлекеттік қызметші жыл сайын табыс декларациясын тапсырғанымен, ол ақпарат жұртқа жария етілмейді.

Сол себепті қарапайым қазақстандықтар мемлекетке өзі төлеген салықтардың есебінен жалақы алып отырған шенеуніктің мүлік-мүкәмалы оның табысына қаншалықты сай екенінен бейхабар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Экономика министрлігі үкімет мүшелерінің жалақысын айтудан бас тартты

Үкімет өкілдері енді жағдай өзгереді деп уәде беріп отыр. Билік елде ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлықпен күресу мақсатында биылғы жылдың аяғына дейін шенеуніктердің дүние-мүлкі жайлы мәліметтер жарияланады дейді.

Олардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта жоғары лауазымды шенеуніктер, депутаттар мен судьялар табысы мен дүние-мүлкі туралы декларацияны ашық жариялауға міндетті болмақ.

Қаржы министрі Мәди Такиев журналистер сұрағына жауап беріп тұр. Астана, 23 қазан, 2024 жыл.

Қазақстанның қаржы министрі Мәди Такиев министрлердің дүние-мүлкі жайлы ақпарат ашық болатынын айтады. Алайда, министрдің сөзінше, онда тек былтырғы деректер жарияланады, ал оған дейінгісі көрсетілмейді.

– Декларация биыл 15 қыркүйекке дейін тапсырылып, жыл аяғына дейін жарияланатын болады. Былтырғы дүние-мүлік қозғалысы жайлы барлық дерек сол декларацияға енгізіледі. Ол жерде жалақы көрсетілмейді, өйткені біз – Қаржы министрлігі, Мемлекеттік кіріс комитеті – ол соманы өзіміз білеміз. Декларацияда тек активтер қозғалысы көрсетіледі, – деп түсіндірді министр Такиев 13 тамызда Астанада өткен баспасөз жиынында.

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, саяси қызметшілердің жылжымайтын мүлкі жайлы мәліметтер жария етілмек.

– Біздің қанша алатынымызды баяғыдан-ақ білесіздер деп ойлаймын, өйткені бұл сұраққа бірнеше рет жауап берілген. Министрліктің кадр қызметтері саяси мемлекеттік қызметшілердің декларациясын жариялап отырады. Барлығымыздың былтыр сатып алған мүлкіміз, бағалы қағаздарымыз және тағы басқа дүниелер, оған қоса қаржыландыру көздері де – түгелдей көрсетіледі, – деді вице-премьер Жұманғарин.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ақтөбе облысының әкімі жалақысы 2 миллион теңгеге жуықтайтынын, туған күнін үйінде ғана атап өтетінін айтты

"Туыстары да жарияласын!"

Үкімет мүшелері уәде етіп отырған, бұған дейін ешқашан жарияланбаған деректердің баршаға жария болуына санаулы ай ғана қалды, егер оның мерзімін кейінге қалдырмаса.

Әйткенмен қоғамда министрлердің есептері жұртты айран-асыр қалдыра алмайды, себебі онда толымды деректер болуы неғайбыл деген болжам жасап отырғандар да, шенеуніктер арасында бейресми табыстарын өзгенің атына тіркеп, із жасырудың шебері аз емес деп есептейтіндер де бар.

Сондықтан олар үкімет уәдесінде тұрып, жария етсе де, ол деректер шынайы жағдайдан алшақ болуы мүмкін деп болжайды.

Әлеуметтік желіде шенеуніктердің табысы туралы деректер жарияланатыны жөнінде жазылған пікірлер әжуа-мысқылға толы. Олардың кейбірін "Настоящее Время" арнасы бейнесюжетінде келтірген:

"Айтылған күн мен уақытты бәрің есте сақтадыңдар ма? Кезекті шоу болады деп күтеміз", – депті желі қолданушылардың бірі.

"Мемлекеттік қызметкерлер дымы жоқ кедей болып шығатын сияқты", - деп кекесінмен жазған келесі бір қолданушы.

"Мүлікті олардың (шенеуніктердің) туыстары сатып алады ғой, ендеше солар да жарияласын!" – дейді өзге бір пікір иесі.

"Ол сайт (деректер жарияланатын) бір ғана әулеттің мүлкін тізіп шығуға шамасы жетпей құлайды деп ойлаймын", – деп мысқылдаған келесі бір қолданушы.

"Жұрт мемлекеттік шенеуніктердің жалақысы мен мүлкі қанша екенін білгісі келеді екен, қай басынғаны бұл! Мұндай ақпаратты мүлде құпия жасап тастау керек", - деп әжуа қылады тағы біреуі.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алматы әкімі Досаев: Кедей емеспін, қымбат киім киюге шамам жетеді

Қазақстанда жалпыға бірдей салық декларациясы бағдарламасы заңсыз табыстар мен заңсыз алынған активтермен күресу үшін енгізілгені ресми түрде айтылды. Оның мәні қарапайым: шенеуніктердің бәрі декларациясын ашық жариялауы шарт.

Алайда кейін белгілі болғандай, елде мұндай талап қойылмайтын, ерекше мәртебеге ие тұлғалар бар болып шықты. Олардың қатарында – ел президенті, премьер-министр, парламенттің қос палатасының спикерлері және Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураның басшылары бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дубайдағы Қазақстан: әкімдер
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Дубайдағы Қазақстан: қазіргі және бұрынғы депутаттар